QAZAQ GREEN. Қазақстан жаңартылатын және баламалы энергия көздерін дамытуға бет бұрды. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша елдегі электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 2030 жылға қарай кемінде 15%-ды құрауы тиіс. Осы мақсатта ҚР Үкіметі 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімді әзірледі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша стратегия әзірленуде. Қазірдің өзінде республикада белгіленген қуаты 2180 МВт болатын 139 ЖЭК объектісі жұмыс істейді, олар елдің 3,69% электр энергиясын өндіреді.

Алайда, бүгінгі таңда жаңартылатын энергия көздерінің белсенді дамуы ондаған жылдар ішінде электр энергетикасы саласында жинақталған проблемаларды іс жүзінде әйгіледі. Қазақстан Республикасының электр энергетикасындағы негізгі проблемалардың бірі маневрлік қуаттардың, яғни жүйелік оператордың командасы бойынша қысқа уақыт аралығында электр энергиясын өндіру бойынша ауытқулар болған жағдайда ҚР бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді теңестіруге және реттеуге қатыса алатын осындай станциялардың тапшылығы болып табылады. Маневрлік қуаттардың тапшылығы бүгінде көлемі рұқсат етілген диапазоннан 10 есе асатын көрші елдердің энергия жүйелерінен ағындарды ұйымдастыру қажеттілігіне алып келеді.

ЖЭК дамыту бойынша қойылған міндетті шешу, сондай-ақ энергия жүйесіндегі теңгерімсіздік проблемаларын шешу мақсатында біздің елімізде алғаш рет Polymetal алтын өндіруші компаниясы және «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы күн станцияларының тұрақсыз генерациясын жабу үшін жалпы белгіленген қуаты 39,6 МВт 2 күн электр станциясын және белгіленген қуаты 40 МВт бір газ мікбасты маневрлік станция салуды көздейтін кешенді жобаны іске асырады. Жоба бес жыл ішінде Абай және Қостанай облыстарында іске асырылып, жылына 80 МВт астам таза электр энергиясын қамтамасыз етеді. Инвестициялардың жалпы көлемі 90 млн АҚШ долларынан асады.

Бұл жобаны іске асыруда Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі және «KEGOC» АҚ қолдау көрсетеді. Ол үшін 14 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 60-шы отырысы барысында Энергетика министрлігі, «Полиметалл Евразия» ЖШС, «KEGOC» АҚ, «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы» ЗТБ арасында төртжақты меморандум жасалды. Құжат жаңа өндіруші қуаттарды салу шеңберінде міндеттемелерді орындау бойынша тараптардың әрқайсысының жауапкершілігін бекітеді.

«Polymetal тұрақты даму стратегиясын, оның ішінде өндірістің экологиялық қауіпсіздігі саласындағы жоғары стандарттарды ұстанады. Компанияның мақсаттарының бірі - 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда шығарындылардың қарқындылығын 2030 жылға қарай 30%-ға төмендету, сондай-ақ 2025 жылға қарай жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 7%-ына қол жеткізу. Осыған байланысты, құрылысы жоспарланған жобалар компанияның көміртегі ізін төмендетудің кепіліне айналады», - деп атап өтті «Полиметалл Евразия» ЖШС Бас директоры Қанат Досмұқаметов.

«Құрылысы жоспарланып отырған жобаның ерекшелігі - бір жағынан, біз ЖЭК дамытып, жаңа күн станцияларын саламыз, екінші жағынан, жаңартылатын энергия көздерін өндірудің тұрақсыздығын түсіне отырып, біз елдің энергия жүйесіне теңгерімсіздік проблемасын шешуге және көрші мемлекеттердің ағындарына тәуелділікті азайтуға көмектесетін жаңа маневрлік қуаттарды енгізуге көмектесеміз. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай жоба Қазақстанның электр энергетикасы тарихында тұңғыш жоба болып табылады», - деп атап өтті «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.

14.07.2022